Бибісара Асаубаева Global Chess League жаңа маусымында өнер көрсетеді

Фото: instagram_bibisarachess
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FYERS American Gambits командасының құрамында Global Chess League турнирінің жаңа маусымына қатысады.
Қазақстандық спортшымен бірге команда сапында өзбекстандық Жавохир Синдаров, үндістандық Нихал Сарин, ресейлік Даниил Дубов, франциялық Сара Хадем және италиялық Марк'Андрия Маурицци өнер көрсетеді.
Global Chess League – ерлер мен әйелдер аралас құрамда бақ сынайтын командалық турнир. Жарыс рапид форматында өтеді. Өткен маусымда Асаубаева өнер көрсеткен команда төртінші орын алған болатын.
Жаңа маусымның матчтары 3–13 қыркүйек аралығында Үндістанның Бангалор қаласында өтеді.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – әйелдер арасындағы блицтен әлемнің үш дүркін чемпионы, Norway Chess Women 2026 турнирінің жеңімпазы және ФИДЕ рейтингіндегі әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына кіреді.