Министрлік Асаубаеваның Тоқаевқа жолдаған үндеуіне қатысты пікір білдірді

Фото: Norway Chess
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның мемлекет басшысына жасаған үндеуіне қатысты пікір айтты.
Оның сөзінше, мұндай мәселелер қоғам талқысына шықпай тұрып шешілуі тиіс.
Астанада өткен брифингте министрлік өкілі болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.
«Қандай да бір мәселе немесе сұрақ туындаса, біз оларды бірлесіп шешуге әрқашан дайынбыз. Бұл жағдай министрлікке де, жауапты мемлекеттік органдарға да, жергілікті атқарушы органдарға да маңызды сабақ болуы керек.
Спортшылармен жиі кездесіп, олардың мәселелерін тыңдау қажет. Сондықтан жақын арада федерациялармен және ведомстволық ұйымдармен бірлесіп көшпелі кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз.
Егер қандай да бір түйткіл туындаса, оны жедел шешу керек. Мәселенің осындай жоғары деңгейге дейін жетуіне жол бермеу қажет», – деді Жарасбаев.
Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, халықаралық турнирлерге дайындықта қаржыландыруға қатысты қиындықтар бар екенін мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, жақында қазақстандық шахматшы Norway Chess Women турнирінде 16,5 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды.