Бразилия құрамасы АҚШ-қа кірер кезде күшейтілген тексеруден өтті

Бегасыл Амирбай ··
Фото: CBF

Фото: CBF

O Globo басылымының мәліметінше, Нью-Джерсиге келген ұлттық құраманың футболшылары, бапкерлер штабының мүшелері мен ресми тұлғалары мұқият тексеруден өткен.

Тексеру барысында делегация мүшелерінің жеке заттары мен аяқ киімдері қаралып, металл іздегіш құрылғылар арқылы бақылаудан өткізілді.

Сондай-ақ тексеру рәсімі әуежай ішіндегі кептелісті болдырмау үшін тікелей ұшу-қону жолағында ұйымдастырылған.

Дереккөздің хабарлауынша, бұған дейін дәл осындай қауіпсіздік шаралары әлем чемпионатына қатысу үшін АҚШ-қа келген Өзбекстан құрамасына да қолданылған.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Топтық кезеңде Бразилия құрамасы Марокко, Гаити және Шотландиямен кездеседі.