Инфантино әлем чемпионаты алдындаы қиындықтар туралы айтты

Фото: EPA / ТАСС
ФИФА президенті Джанни Инфантино 2026 жылғы әлем чемпионатын АҚШ, Канада және Мексикада өткізу туралы шешіміне өкінбейтінін айтты. Сонымен қатар ұйым басшысы турнир басталар алдында бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер бар екенін мойындады.
Инфантиноның сөзінше, мұндай ауқымды жарысты өткізу кезінде түрлі қиындықтардың туындауы қалыпты жағдай.
«Ештеңеге өкінбеймін. Соңғы 30 жыл бойы түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келемін. Үлкен де, кіші де мәселелерді шешуге үйренгенмін. Тіпті үш жарым жыл бұрын өткен баспасөз мәслихатында қазіргіге қарағанда күрделі мәселелер болған шығар.
Қиындықтар бар. Мұндай деңгейдегі турнир үшін бұл қалыпты жағдай. Кейбір мәселелер АҚШ-та, енді біреулері Канада мен Мексикада туындап жатыр. Барлығын шешуге тырысамыз. Мүмкін бәрін толық шешіп үлгермеспіз, бірақ қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» - деді Джанни Инфантино.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты турнир тарихында алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтеді. Әлем біріншілігінің матчтарын АҚШ, Канада және Мексика қабылдайды. Турнир 12 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады.