Икер Касильяс «Портудан» миллиондаған еуро өтемақы талап етуде

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Мадридтік «Реал» мен Испания құрамасының бұрынғы қақпашысы Икер Касильяс «Порту» клубынан 3,7 миллион еуро көлемінде өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді.

AS басылымының мәліметінше, экс-футболшы 2019 жылы алған инфарктты клубтағы ойын кезеңіндегі жүктемелермен байланыстырады. Оның айтуынша, денсаулығындағы мәселелер еңбекке қабілеттілігіне әсер етіп, мансабын аяқтағаннан кейін де өміріне кері ықпалын тигізіп келеді.

«Спортзалға барамын, падел ойнаймын, бірақ жүгіре алмаймын. Бар болғаны 20-50 метр ғана жүгіре аламын, одан әрі шамам жетпейді», – деді Касильяс.

Алайда бұған дейін «Портудың» клуб дәрігері Нелсон Пуга футболшының жағдайы инфаркттан кейін тұрақталғанын және жаттығу кезіндегі физикалық жүктемелер жүрек талмасына себеп болмағанын мәлімдеген еді. Оның пікірінше, Касильяс толық қалпына келуі тиіс болған.

Енді сот бұрынғы қақпашының толық әрі тұрақты еңбекке жарамсыздық бойынша өтемақы алуға құқығы бар-жоғын анықтайды. Мұндай төлем көлемі келісімшарт талаптарына сәйкес шамамен 2,5 миллион еуроны құрауы мүмкін.

Айта кетейік, Fidelidade сақтандыру компаниясы бұған дейін Касильясқа сақтандыру төлемі ретінде 1,5 миллион еуро төлеген. Ал «Порту» клубы футболшы кәсіби мансабын толық аяқтағанға дейін оған жалақыны толық көлемде төлеп келгенін айтып, қосымша өтемақы төлеуге негіз жоқ деп санайды.