Деклан Райс әлем чемпионаты қарсаңында АҚШ климатымен бейімделуі жайында айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: EFA

Фото: EFA

Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Деклан Райс 2026 жылғы әлем чемпионаты алдындағы дайындықтың сәтті өткенін айтып, команданың Солтүстік Америкадағы ауа райына толық бейімделгенін мәлімдеді.

Англия құрамасы турнир алдындағы соңғы жолдастық матчта Коста-Риканы 3:0 есебімен жеңді. Кездесуден кейін Райс команданың ойынына жоғары баға берді.

«Менің ойымша, біз өте жақсы ойын көрсеттік. Бапкер матч алдында қарқынды күшейтіп, доппен ойнау жылдамдығын арттырып, қарсы прессингті жақсартуды тапсырды.

Бүгін барлық футболшылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар да өздерін жақсы қырынан танытты. Бұл әлем чемпионаты алдындағы өте сәтті соңғы ойын болды.

Біз жергілікті климатқа бейімделдік деп ойлаймын. Қазір ыстық ауа райы қиындық тудырмайды. Алғашқы аптада, шамамен 10 күн ішінде ыстыққа үйреніп алдық», – деді Райс.

Коста-Рикаға қарсы кездесуде Деклан Райс, Энтони Гордон және Олли Уоткинс гол авторы атанды. Осылайша ағылшындар әлем чемпионаты алдындағы дайындық кезеңін сенімді аяқтады.

Айта кетейік, Англия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы матчын 18 маусымда Хорватияға қарсы өткізеді. Сонымен қатар топтық кезеңде Гана және Панама құрамаларымен кездеседі.