Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

«Бұл соңы емес»: Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатындағы жеңілістен кейін мәлімдеме жасады

Дина Хамзина··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіз өнерінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады.

2023 жылғы әлем чемпионы Instagram парақшасында ұлттық құрама сапында өнер көрсетудің үлкен жауапкершілік екенін айтып, жеңілістің де спорт жолының ажырамас бөлігі екенін жеткізді.

«Батырдың білегінде күш болғанымен, оның рухы артында халқы тұрғанда ғана биіктейді. Мен үшін қарсыласымның атақ-даңқынан гөрі, елімнің абыройы маңызды. Кілемдегі әрбір белдесуімнің артында халқымның үміті мен сенімі тұр. Тұғырдың биігіне көтерілген кездерім де болды, жеңілістерге ұшыраған сәттерім де аз емес. Бірақ сәтсіздіктерімді жалған сөзбен бүркемелеуді жөн көрмеймін. Әр белдесудің өз шындығы, әр нәтиженің өз сабағы бар.

Бәлкім, тағдыр әзірге кейбір биіктерді бағындыруыма мүмкіндік бермеген шығар. Алайда елімнің намысы үшін күресуден ешқашан бас тартқан емеспін. Бұл соңы емес, керісінше, тыңғылықты жоспар мен жаңа мақсаттарға негізделген жаңа белестерге бастайтын жолдың басы ғана!» – деп жазды Айтмұхан.

Еске салайық, Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде ол ресейлік даңқты балуан Абдулрашид Садулаевқа есе жіберді.

Осы жеңілістен кейін қазақстандық балуан қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алған еді. Алайда ол үшін Садулаев финалға шығуы керек болатын.

Ширек финалда ресейлік балуан америкалық Кайл Снайдермен кездесті. Екі Олимпиада чемпионы арасындағы тартысты белдесу 4:4 есебімен аяқталды. Дегенмен соңғы нәтижелі әдісті орындағаны үшін жеңіс Снайдерге берілді.

Осылайша, Садулаев алтын медаль үшін күрес мүмкіндігінен айырылып, Айтмұхан жұбаныш белдесулеріне қатыса алмады.

Айта кетейік, Ризабек – Қазақстанның ең атақты жас балуандарының бірі. Ол 2023 жылы ересектер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық балуан ретінде тарихқа енді. Сол кезде 92 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған болатын.

Бұдан бөлек, 2024 жылы 20 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаттарында 97 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

Сондай-ақ оның еншісінде ересектер арасындағы Азия чемпионаттарының үш күміс жүлдесі және 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаттарының үш алтын медалі бар.

«Бұл соңы емес»: Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатындағы жеңілістен кейін мәлімдеме жасады – sport-hub