Бундеслига АПЛ-мен бәсекелесу үшін 1 миллиард еуро көлемінде несие алуы мүмкін

Фото: Бундеслига
Германия футбол лигасы (DFL) 1 миллиард еуро көлемінде несие тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл қаржы Бундеслиганың халықаралық деңгейде дамуына бағытталмақ.
The Athletic мәліметінше, DFL америкалық Apollo Sports Capital инвестициялық компаниясымен 20 жыл мерзімге несие беру жөнінде келіссөз жүргізуде.
Тарап өкілдері маусым айында Нью-Йоркте кездесіп, ықтимал келісімнің шарттарын талқылаған. Қарызды қамтамасыз ету үшін Германия аумағындағы телехабар тарату құқықтарынан түсетін болашақ табыстар пайдаланылуы мүмкін.
Алынған қаражатты DFL шетелде чемпионатты насихаттауға, неміс клубтарының халықаралық турнелерін ұйымдастыруға және маркетингтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсамақ.
Осылайша лига басшылығы ағылшын Премьер-лигасынан халықаралық нарықтағы қаржылық және коммерциялық артта қалуды қысқартуды көздеп отыр. Келісімді жүзеге асыру үшін неміс клубтарының да келісімі қажет.