Дастан Сәтпаев «Қайратқа» қайта оралуы мүмкін: «Челси» жалға беру нұсқасын қарастыруда

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» болашағы әлі де талқыланып жатыр. Енді қазақстандық шабуылшының мансабын дамытудың тағы бір нұсқасы пайда болды. Ол футболшыны қысқа мерзімге жалға алу арқылы «Қайратқа» қайтару.

«АЗИЯ-СПОРТ» Telegram-арнасының мәліметінше, британдық журналистердің бірі мұндай сценарийдің «Челси» басшылығы қарастырып жатқан нұсқалардың қатарында екенін хабарлаған. Лондондық клуб Сәтпаевты өзі жақсы білетін командаға уақытша жіберіп, оған тұрақты ойын тәжірибесін жинауға және еурокубоктарда өнер көрсетуге мүмкіндік беруді қарастыруы мүмкін.

Бұл ретте көп нәрсе «Қайратқа» байланысты болуы ықтимал. Егер алматылық клуб «Левски» командасын жеңіп, кем дегенде Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алса, Дастанның Алматыға уақытша оралу мүмкіндігі арта түседі.

Әзірге бұл тек ықтимал сценарийлердің бірі. Сәтпаевтың болашағына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұған дейін қазақстандық шабуылшыны басқа еуропалық клубтарға жалға беру мүмкіндігі де айтылған. Олардың қатарында «Страсбур» мен «Халл Сити» болды.

Дастан биылғы жазда «Челсидің» негізгі командасымен бірге жаттығу өткізіп, маусым алдындағы турнирде ойын тәжірибесін алды. Тіпті жолдастық кездесулердің бірінде қазақстандық футболшы лондондық клуб сапындағы алғашқы голын соқты.

12 тамызда Дастан Сәтпаев 18 жасқа толады. Осыдан кейін ол «Қайраттан» «Челсиге» ауысу жөнінде бұған дейін келісілген трансферге сәйкес лондондық клубқа ресми түрде қосыла алады.

Сондықтан алдағы шешім Сәтпаевтың келесі маусымын анықтайды. Қазақстандық футболшы «Челси» сапында қалып, әлемдік деңгейдегі футболшылармен бірге жаттығуын жалғастыра ма, әлде тұрақты ойын тәжірибесін жинау үшін басқа клубқа, соның ішінде «Қайратқа» жалға кете ме — мұны жақын арада клуб басшылығы шешеді.