Дастан Сатпаев «Реалға» қарсы матчта не сезінгенін айтып берді

Фото: Getty Images
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев мадридтік «Реалға» қарсы өткен матч туралы естеліктерімен бөлісіп, бұл ойын оның мансабындағы ең жарқын сәттердің бірі болғанын айтты.
Футболшының айтуынша, Алматыдағы матчқа деген қызығушылық ерекше жоғары болған. Алайда ол бір күні әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы дәл «Қайрат» сапында алаңға шығамын деп ойламаған.
«Есімде, сол күні Алматыда үлкен ажиотаж болды. Қалаға бүкіл әлем жиналғандай әсер қалдырды. Мен әрдайым осындай футболшыларға қарсы ойнайтыныма сенетінмін, бірақ бұл дәл “Қайрат” сапында болатынын ешқашан ойламаппын. Ең үлкен толқу алаңға шыққанда пайда болды — оларды жақыннан көресің, сәлемдесіп, қол алысады», — деді Сатпаев.
Шабуылшы алғашқы сәттерде болған оқиғалар оған шынайы емес көрінгенін де жасырмады.
«Басында бәрі виртуалды ойындағыдай сезілді. Есімде, матчтың алғашқы секундтарында-ақ тарихқа енуге мүмкіндік болды, бірақ сәтті пайдалана алмадым. Соған қарамастан, ойыннан үлкен ләззат алып, баға жетпес тәжірибе жинадым», — деп атап өтті қазақстандық футболшы.
Сатпаевтың айтуынша, «Реалмен» кездесу оған әлемдік деңгейдегі футболшылардың қалай ойнайтынын, шешім қабылдайтынын және алаңдағы әрекеттерін өз көзімен көруге мүмкіндік берген.
Еске сала кетейік, «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы матч 2025 жылдың 30 қыркүйегінде Алматыдағы Орталық стадионда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өткен. Испаниялық клуб 5:0 есебімен жеңіске жеткен.
Жақында Дастан Сатпаев «Қайратпен» ресми түрде қоштасып, Англияға ауысатынын мәлімдеді. Кәмелет жасына толғаннан кейін, тамыз айында шабуылшы лондондық «Челсиге» қосылады. БАҚ мәліметінше, Қазақстанның ең перспективалы футболшыларының бірі үшін ағылшын клубы 2,4 миллион еуро төлеген.