Джессика Пегула WTA қорытынды турнирінің жартылай финалына шықты

Фото: Jimmie48
Америкалық теннисші Джессика Пегула WTA-2026 қорытынды турнирінің топтық кезеңіндегі соңғы кездесуінде чехиялық Линда Носкованы жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен матч 7:6 (7:2), 4:6, 7:5 есебімен аяқталды. Теннисшілер кортта 2 сағат 47 минут өткізді.
Бірінші сетте Пегула тай-брейкте басым түсті. Алайда екінші партияда Носкова есепті теңестірді. Шешуші үшінші сетте чехиялық спортшы қарсыласының добын қабылдау кезінде матчболға ие болды. Дегенмен америкалық теннисші қиын жағдайдан шығып, қатарынан үш геймді жеңіп алды.
Кездесу барысында Пегула 16 эйс жасап, сегіз қос қателік жіберді. Сондай-ақ 16 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
Ал Носкова тоғыз эйс орындап, 15 қос қателікке жол берді. Ол да 16 мүмкіндіктің бесеуінде қарсыласының геймін өз пайдасына аяқтады.
Бұл нәтиже бірінші топтағы теннисшілердің қорытынды орындарын анықтады. Джессика Пегула, Линда Носкова және Кори Гауфф топтық кезеңді екі жеңіс және бір жеңіліспен аяқтады.
Алайда жеңген сеттердің пайыздық көрсеткіші бойынша Носкова бірінші, Пегула екінші орын алды. Ал үшінші сатыға жайғасқан Кори Гауфф турнирден шығып қалды.
Осылайша Линда Носкова мен Джессика Пегула жартылай финалға жолдама алды.
Еске салайық, WTA қорытынды турнирі 8–15 қараша аралығында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 10 миллион долларды құрайды.