Басты бет
·
Теннис

Кори Гауфф жеңіске жеткенімен, WTA қорытынды турнирінің жартылай финалына шыға алмады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің төртінші ракеткасы Кори Гауфф WTA-2026 қорытынды турнирінің топтық кезеңіндегі соңғы кездесуінде украиналық Марта Костюкті жеңді. Алайда бұл нәтиже америкалық теннисшіге жартылай финалға шығу үшін жеткіліксіз болды.

АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен матч 6:4, 7:5 есебімен аяқталды. Кездесу 1 сағат 39 минутқа созылды.

Бірінші сетте Гауфф 5:2 есебімен алға шыққанымен, Костюк есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен америкалық теннисші оныншы геймде қарсыласының добын қабылдау кезінде басым түсіп, партияны өз пайдасына аяқтады.

Екінші сетте украиналық спортшы 5:1 есебімен алға шығып, үш сетболға ие болды. Алайда ол мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Гауфф қатарынан алты геймді жеңіп, кездесуді екі сетте аяқтады.

Осылайша америкалық теннисші турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал Марта Костюк қатарынан үшінші рет жеңіліс тапты.

Соған қарамастан Кори Гауфф жартылай финалға өте алмады. Топтағы шешуші кездесуде Джессика Пегула чехиялық Линда Носкованы 7:6 (7:2), 4:6, 7:5 есебімен жеңді.

Нәтижесінде Гауфф, Пегула және Носкова топтық кезеңді екі жеңіс және бір жеңіліспен аяқтады. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша жартылай финалға Линда Носкова мен Джессика Пегула жолдама алды.

Айта кетейік, Марта Костюк турнирге қосалқы қатысушы ретінде шақырылды. Ол денсаулығына байланысты жарыстан бас тартқан қазақстандық Елена Рыбакинаның орнына шықты.

Рыбакина – WTA қорытынды турнирінің қазіргі чемпионы. Қазақстандық теннисші 2025 жылы финалда Арина Соболенконы жеңіп, чемпион атанған болатын.

Еске салайық, WTA қорытынды турнирі 8–15 қараша аралығында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 10 миллион долларды құрайды.

Кори Гауфф жеңіске жеткенімен, WTA қорытынды турнирінің жартылай финалына шыға алмады – sport-hub