Джон Джонс - Фрэнсис Нганнумен UFC-тен тыс жекпе-жек өткізу мүмкін екенін айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Чемпионат»

Фото: «Чемпионат»

UFC-дің бұрынғы чемпионы Джон Джонс әлі де Фрэнсис Нганнуға қарсы жекпе-жек өткізуге дәмелі екенін және бұл айқас Most Valuable Promotions (MVP) лигасының аясында өтуі мүмкін екендігін мәлімдеді.

«Маған UFC келісімшартынан босауға арнайы назар бөлу қажет. Бұл жекпе-жектің өтуі үшін ең қиын кезең осы болады. Дана Уайттың Фрэнсиспен бірге жұмыс істеуге қызығушылығы бар деп ойламаймын, сондықтан MVP-мен әріптестік бұл жекпе-жекті ұйымдастырудың жалғыз жолы болатын секілді. Егер мен келісімшарттан босай алсам, бұл керемет жекпе-жек болар еді», – деді Джонс Netflix Sports-қа берген сұхбатында.

Джонс пен Нганну арасындағы жекпе-жек идеясы 2022 жылдан бері талқыланып келеді. Сол кезде америкалық файтер ауыр салмаққа ауысқан еді. Алайда Нганну UFC ұйымынан кетіп, мансабын басқа промоушендерде жалғастырғаннан кейін бұл айқас өтпей қалды.

Еске салайық, 16 мамыр күні Нганну Лос-Анджелесте өткен MVP MMA 1 дебюттік турнирінде өнер көрсетіп, бірінші раундта бразилиялық Филипе Линсті нокаутқа жіберді.

Америкалық блогер Джейк Пол негізін қалаған Most Valuable Promotions бұл жекпе-жекті ұйымдастыруы мүмкін нұсқалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Джон Джонс - Фрэнсис Нганнумен UFC-тен тыс жекпе-жек өткізу мүмкін екенін айтты – sport-hub