Едіге Нұрғожа Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды

ҚБФ
Қазақстандық боксшы Едіге Нұрғожа Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда Нұрғожа Өзбекстан өкілі Элиёр Рустамовпен кездесті. Алғашқы раундта қарсыласы анағұрлым дәл әрі сенімді жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Екінші раундта да жағдай өзгерген жоқ. Қазақстандық боксшы өз қарқынын ұсынуға тырысқанымен, Рустамов қарсы шабуылда сауатты әрекет етіп, тағы да айқын басымдыққа ие болды.
Шешуші раундта Нұрғожаға мерзімінен бұрын жеңіс қажет болды, алайда ол нокдаунға түсіп қалды. Нәтижесінде өзбек боксшысы жекпе-жекті сенімді түрде аяқтап, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен финалға жолдама алды.
Осылайша, Едіге Нұрғожа Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.
Бұған дейін Қазақстан құрамасынан тағы бір боксшы Әділ Асқанбай 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шыққан еді. Ол жартылай финалда Қырғызстан спортшысы Нұрсұлтан Дүйшоналиевті 4:1 есебімен жеңді.