Басты бет
·
Теннис

Елена Рыбакина US Open-2026-дағы тарихи жеңісінен кейін Қазақстанға оралды

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін Қазақстанға оралды.

Теннисші елге келгенін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Рыбакина үлкен гүл шоғымен түскен суретін жариялап, геолокациядан Алматыны белгілеп, жазбасына жүрек белгісін қосты.

Қазақстанда US Open чемпионы шамамен бір апта болады. Қазақстан теннис федерациясы бұған дейін Рыбакинаның Алматы мен Астанаға барып, жанкүйерлермен кездесетінін және жас теннисшілерге шеберлік сабақтарын өткізетінін хабарлаған.

Сапардың тағы бір мақсаты — денсаулығын қалпына келтіру. ҚТФ мәліметінше, Рыбакина Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирінде ахилл сіңірін жарақаттап алғаннан кейін медициналық тексеруден өтеді. Аяғындағы мәселеге байланысты ол ширек финалдан бас тартуға мәжбүр болған. Кейін US Open алдында жеделдетілген қалпына келу курсынан өтті.

Жарақатына қарамастан, Рыбакина Нью-Йоркте турнир чемпионы атанды. Финалда қазақстандық теннисші Арина Соболенконы үш сетте — 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл жеңіс Еленаға мансабындағы алғашқы US Open титулын әкеліп, әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастауына мүмкіндік берді.

Денсаулығын қалпына келтіру қажеттілігіне байланысты Рыбакина Шэньчжэньде өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатыспайды. Теннисшінің өзі соңғы бір айдың ағзасына ауыр тигенін айтып, қазір кортқа оралмас бұрын оңтайлы физикалық жағдайға келуі қажет екенін түсіндірді.