Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингінде төртінші орында тұрған Кори Гауффты жеңіп, US Open-2026 турнирінің финалына жолдама алды.

Кездесу 2 сағат 10 минутқа созылып, 3:6, 6:4, 6:4 есебімен аяқталды. Рыбакина мансабында алғаш рет US Open финалына шықты. Бұған дейін оның Нью-Йорктегі ең үздік нәтижесі төртінші айналымға дейін жету еді.

Осы жеңістен кейін Рыбакина мен Гауффтың өзара кездесулеріндегі есеп теңесті — 2:2. Қазақстандық теннисші соңғы екі матчта да жеңіске жетті. Тамыз айында ол Торонтодағы турнирдің жартылай финалында америкалық спортшыны 5:7, 6:2, 6:2 есебімен ұтқан болатын.

Финалда Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі. Беларусь теннисшісі жартылай финалда Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді. Алдағы матч Australian Open-2026 финалының қайталануы болмақ. Ол кездесуде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді. Жалпы, теннисшілер 17 рет кездескен. Соболенко 10 рет жеңіске жетіп, өзара кездесулерде басымдық танытып отыр.

Еске салайық, US Open аяқталғаннан кейін Рыбакина WTA рейтингін алғаш рет бастап, әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі мұндай жетістікке жеткен емес.