Энцо Мареска «Манчестер Ситиге» оралуға жақын

Фото: «Челси» ФК
«Манчестер Сити» италиялық маман Энцо Маресканы бас бапкер қызметіне тағайындауға жақын. Клуб «Челсимен» өтемақы көлемі бойынша келісімге келген.
BBC мәліметінше, өтемақы сомасы 11 миллион еуродан асады. 46 жастағы бапкер ағылшын клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қояды.
Бұған дейін Хосеп Гвардиола он жылдық қызметінен кейін командадан кететінін мәлімдеген болатын. Клуб басшылығы оның орнына негізгі үміткер ретінде Маресканы таңдады.
Айта кетейік, Энцо Мареска 2020-2023 жылдары «Манчестер Сити» жүйесінде жұмыс істеген. Ол жастар құрамасының бапкері әрі негізгі команданың Гвардиоланың қасында көмекші болды. Мареска жетекшілік еткен 23 жасқа дейінгі команда жастар арасындағы Англия чемпионатында жеңіске жеткен.
Еске салсақ, Маресканың «Челсимен» келісімшартының аяқталуына әлі үш жарым жыл қалған еді. Алайда маман «Манчестер Ситимен» келіссөз жүргізіп, келісім талаптарын бұзған. Соған қарамастан, екі клуб мәселені өзара келісім арқылы шешуге келісті.