Григорий Ломакин Үндістандағы «Челленджерді» алғашқы айналымнан аяқтады
Бөлісу

Фото: ҚТФ
Григорий Ломакин Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан «Челленджер» сериясындағы турнирде жарыс жолын аяқтады. Қазақстандық теннисші негізгі кезеңнің алғашқы айналымында мексикалық Алекс Эрнандеске жол берді.
ATP рейтиңінде 933-орында тұрған Ломакин әлемнің 475-ракеткасына екі сетте де есе жіберді — 4:6, 6:7 (6:8). Матч 1 сағат 49 минутқа созылды. Екінші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкке дейін жеткенімен, шешуші сәтте мексикалық спортшы мықтырақ болды.
Бұған дейін Ломакин іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жапониялық Риотаро Тагучиді үш сетте жеңген еді.
Григорий Ломакин — ITF турнирлерінің жекелей және жұптық сындағы жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында өнер көрсетеді.