Ига Швёнтек Ухань турнирінің 1/8 финалына шықты

Фото: Jimmie48
Польшалық теннисші Ига Швёнтек Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің төртінші айналымына жолдама алды. Ол отандасы Магдалена Френхті екі сетте жеңді.
Ухань. WTA-1000. 1/16 финал
Ига Швёнтек (Польша) – Магдалена Френх (Польша) – 6:2, 6:1.
Кездесу 1 сағат 44 минутқа созылды. Алғашқы сетте Швёнтек өз геймінде жеңіліп, 0:2 есебімен артта қалды. Алайда кейін қатарынан алты гейм ұтып, партияны өз пайдасына аяқтады. Екінші сетте де ол 4:0 есебімен алға шығып, матчта жеңіске жетті.
Ойын барысында Швёнтек төрт рет қос қателік жіберіп, бірде-бір эйс жасамады. Ол 16 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Ал Френх бір эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді және тоғыз брейк-пойнттың екеуін сәтті жүзеге асырды.
Бұл – Швёнтектің Френхке қарсы өзара кездесулердегі екінші жеңісі. 2022 жылдың шілдесінде ол Варшавадағы WTA-250 турнирінде отандасын 6:1, 6:2 есебімен ұтқан болатын.
Енді Швёнтек 1/8 финалда америкалық Эшлин Крюгер мен таиландтық Ланлана Тараруди арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Уханьдағы турнирге дейін польшалық теннисші Бейжіңде өткен WTA-1000 жарысының ширек финалына дейін жеткен. Алайда ол бельгиялық Элизе Мертенстен 6:7 (0:7), 3:6 есебімен жеңіліп қалған еді.