Карлос Алькарас ресми түрде «Уимблдоннан» бас тартты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Әлемнің екінші ракеткасы Карлос Алькарас оң жақ білегіндегі жарақатына байланысты «Уимблдон»-2026 турниріне қатыспайды.

Испаниялық теннисші қатарынан екінші «Үлкен дулыға» турнирін өткізіп алмақ. Бұған дейін Алькарас «Ролан Гарростан» да бас тартқан еді. Сонымен қатар 23 жастағы теннисші Мадрид, Барселона және Римдегі турнирлерге де қатысудан бас тартты.

«Қалыпқа келу процесі жоспар бойынша өтіп жатыр, өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Бірақ, өкінішке қарай, жарыстарға қатысуға әлі дайын емеспін. Сондықтан Queen’s Club турнирі мен “Уимблдоннан” бас тартуға мәжбүрмін. Бұл мен үшін ерекше екі турнир, сондықтан оларды қатты сағынатын боламын», — деп жазды Алькарас X әлеуметтік желісінде.

Еске салайық, теннисші жарақатты 14 сәуірде Барселонадағы ATP 500 турнирінің алғашқы айналымында финляндиялық Отто Виртаненге қарсы матчта алған.

Жарақатына қарамастан, испаниялық теннисші кездесуді 6:4, 6:2 есебімен жеңіспен аяқтаған еді.

Келесі күні Алькарас жаттығуға бармады, кейін турнирден шығатынын мәлімдеді.