Хон Мён Бо Чехияны жеңгеннен кейін ойыншыларының мінезін ерекше атап өтті

Фото: FIFA
Оңтүстік Корея құрамасының бас бапкері Хон Мён Бо 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы турында Чехияны 2:1 есебімен жеңгеннен кейін шәкірттерінің жігеріне жоғары баға берді.
Азиялық команда матч барысында есепте қалып қойғанымен, кездесудің тағдырын өз пайдасына шешіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
«Бұл турнирдегі алғашқы ойынымыз әрі өте қиын матч болды. Жеңіске жеткеніміз қуантады, бірақ одан да маңыздысы жігіттердің берілмей, соңына дейін күрескені. Біз бұл ойында жеңіске жетуге толық қабілетті екенімізді білдім. Сондықтан есеп 1:1 болған кезде футболшыларға осыған дейінгі жоспар бойынша ойнай беруді тапсырдым», – деді Хон Мён Бо FIFA-ның ресми сайтына берген сұхбатында.
Оңтүстік Корея құрамасы матчта Ладислав Крейчийдің голынан кейін есепте артта қалған еді. Алайда кейін Хван Ин Бом мен О Хён Гю мергендік танытып, корейлерге жеңіс сыйлады.
Бірінші турдан кейін А тобында Мексика мен Оңтүстік Корея құрамалары үш ұпайдан жинап, көш бастап тұр. Ал Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы әзірге ұпай еншілей алған жоқ.