Коко Гауфф WTA қорытынды турнирін қиын жеңіспен бастады

Фото: Getty Images
Америкалық теннисші Коко Гауфф Индиан-Уэллсте өтіп жатқан WTA-2026 қорытынды турнирінің алғашқы кездесуінде отандасы Джессика Пегуланы жеңді.
2 сағат 41 минутқа созылған тартысты матч 22 жастағы Гауффтың пайдасына 6:4, 6:7 (5:7), 6:2 есебімен аяқталды.
Бірінші сетте Гауфф шешуші сәттерде сәтті ойнап, басым түсті. Ал екінші партияда Пегула қарқынын күшейтіп, қарсыласына қиындық туғызды.
Есеп 1:5 болғанда Джессика таразы басын теңестіріп, сетті тай-брейкке жеткізді. Гауфф матчболын пайдалана алмады. Нәтижесінде Пегула тай-брейкте 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Алайда шешуші үшінші сетте Гауфф қайта басымдыққа ие болды. Ол 3:0 есебімен алға шығып, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп – 6:2.
WTA-2026 қорытынды турнирі. Топтық кезең. 1-тур
Коко Гауфф (АҚШ) – Джессика Пегула (АҚШ) – 2:1 (6:4, 6:7 (5:7), 6:2).
Бұл Гауффтың Пегулаға қарсы 11 кездесудегі алтыншы жеңісі болды. Сонымен қатар ол биыл отандасын қатарынан үшінші рет ұтты. Бұған дейін Коко Уимблдонның ширек финалында және Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің финалында басым түскен еді.
Екі америкалық теннисші чехиялық Линда Носкова және украиналық Марта Костюкпен бір топта өнер көрсетіп жатыр. Костюк денсаулығына байланысты жарыстан бас тартқан қазақстандық Елена Рыбакинаның орнына қатысуда.
Топтағы екінші кездесуде Линда Носкова Марта Костюкті екі сетте жеңді.
Осылайша алғашқы турдан кейін Коко Гауфф пен Линда Носкова бір-бір жеңіске қол жеткізді. Топтағы үздік екі теннисші жартылай финалға жолдама алады.