Басты бет
·
MMA/UFC

Кортес-Акоста мен Джонни Уокер UFC Fight Night 293 турнирінің басты жекпе-жегін өткізеді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: MMA Fighting

Фото: MMA Fighting

Доминикандық Вальдо Кортес-Акоста мен бразилиялық Джонни Уокер 7 қараша күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC Fight Night 293 турнирінің басты жекпе-жегінде кездеседі.

MMA Fighting басылымының мәліметінше, ауыр салмақтағы кездесу Meta APEX аренасында өтеді.

Бастапқыда турнирдің басты жекпе-жегі жартылай орта салмақтағы америкалық Шон Брэди мен бразилиялық Габриэл Бонфим арасында өтуі керек еді. Алайда Брэди жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Ұйымдастырушылар Бонфимге қысқа мерзімде жаңа қарсылас таба алмағандықтан, бразилиялық файтер де турнирден шет қалды.

Кортес-Акоста алдағы жекпе-жегіне қатарынан екі жеңілістен кейін шығады. Доминикандық файтер мамырда Александр Волковқа, ал қыркүйекте Кертис Блэйдске төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберді. Оған дейін Анте Делия, Шамиль Газиев және Деррик Льюисті мерзімінен бұрын жеңген болатын.

Ал Джонни Уокер қазан айында UFC 332 турнирінде ауыр салмақтағы дебютін жасады. Ол алғашқы раундта тіземен соққы жасап, британиялық Мик Паркинді нокаутқа түсірді. Бұған дейін жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен бразилиялық енді жаңа дивизиондағы алғашқы басты жекпе-жегін өткізеді.

Кәсіби мансабында Кортес-Акоста 17 жеңіс пен төрт жеңіліске ие. Уокердің еншісінде 23 жеңіс, 10 жеңіліс және бір өтпеген жекпе-жек бар.

Айта кетейік, екі спортшы да бұл кездесуге турнир басталуына 10 күннен аз уақыт қалғанда келісім берген.

Кортес-Акоста мен Джонни Уокер UFC Fight Night 293 турнирінің басты жекпе-жегін өткізеді – sport-hub