«Лацио» Мауро Икардиге ұсыныс жасауды қарастыруда

«Галатасарай» ФК
Римдік «Лацио» жаңа маусым алдындағы шабуыл шебін күшейту үшін екі негізгі үміткерді анықтады.
Журналист Джанлука Ди Марционың хабарлауынша, «Лацио» жаңа орталық шабуылшыны қатарға қосу бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда клуб екі нұсқаны қарастыруда. Олар Мауро Икарди және Андреа Пинамонти.
Басты үміткер – Икарди. Римдік клуб 33 жастағы аргентиналық футболшымен келісімшарт жасасу мүмкіндігі бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Алайда ойыншының өзі де басқа клубтардың ұсыныстарын қарастыруда.
Икарди «Галатасараймен» келісімшарты аяқталғаннан кейін еркін агент атанды. Түркиялық клуб шабуылшының командадан кеткенін шілде айында ресми түрде жариялады. Аргентиналық футболшы Ыстамбұл клубында төрт маусым өткізіп, барлық турнирде 134 матчқа қатысып, 77 гол соқты.
Өткен маусымда Икарди Түркия чемпионатында 31 матч өткізіп, 14 гол соқты. Бұған дейін Мауро А сериясында өнер көрсетіп, «Сампдория» мен «Интердің» намысын қорғаған.
Сонымен қатар, «Лационың» балама нұсқасы ретінде «Сассуолоның» 27 жастағы шабуылшысы Андреа Пинамонти де қарастырылып отыр. Италиялық футболшы әлі де римдік клубтың трансферлік тізімінде тұр.