Лионель Месси әлем чемпионаты қарсаңында Аргентина құрамасы туралы пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: AFA

Фото: AFA

Аргентина ұлттық құрамасының капитаны Лионель Месси команданың жеңіске деген жігері әлі де жоғары екенін және 2026 жылғы әлем чемпионатында ең жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін күресетінін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі әлем чемпиондары жаңа табыстарға жетуге ұмтылуын тоқтатқан жоқ.

«Бұған дейін де айтқанымдай, бұл команда ешқашан жарты жолда тоқтамайды. Меніңше, біз мұны кез келген қарсыласқа қарсы өткен матчтарда дәлелдедік. Бұл – жеңіске үйренген, әрдайым бұдан да жоғары жетістікке ұмтылатын команда. Біз мақсатымызға біртіндеп жақындаймыз, бірақ үлкен құлшыныспен алға жылжимыз», – деді Месси.

Аргентина құрамасы әлем біріншілігіне қазіргі әлем чемпионы ретінде қатысады. 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында Лионель Скалони жаттықтыратын команда финалда Францияны жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.

2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде аргентиналықтар Алжир, Аустрия және Иордания құрамаларына қарсы ойын өткізеді.