«Ливерпуль» Барколяға қызығушылық танытқан тұста Кьеза болашағы туралы айтты

«Ливерпуль» ФК
«Ливерпульдің» шабуылшысы Федерико Кьеза клубтың «ПСЖ»-мен Брэдли Барколя бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанына қарамастан, негізгі құрамдағы орны үшін күресетінін мәлімдеді.
Италиялық ойыншы қазіргі таңда толықтай мерсисайдтық клубтағы ойынына көңіл бөліп отырғанын және жаңа бас бапкер Андони Ираола келген соң өзін дәлелдеуге ниетті екенін айтты.
«Қазір мен “Ливерпульде” бақыттымын. Клуб ұнайды, жанкүйерлер ұнайды, бәрі ұнайды. Өз мүмкіндігімді алу үшін барымды салып жүрмін, әрі қарай көреміз. Қазір тек “Ливерпуль” туралы ойлаймын.
Бұл жаңа бастама бола ма, білмеймін. Әр маусым – жаңа бастау. Мұндай бастамалар тым көп болған шығар. Бірақ бұл мені алаңдатпайды. Мен тек жаңа бапкер үшін барымды көрсетуге тырысамын. Өткен маусымда да Арне Слоттың қол астында қолдан келгеннің бәрін жасадым.
Өткен жылы алаңда маңыздырақ рөл атқаруға дайын екенімді сезіндім, бірақ шешімді бапкер қабылдайды. Әрине, көбірек ойнағым келді, бірақ футболда солай. Енді жаңа кезең басталады, мен соған толықтай назар аударып отырмын», – деді Кьеза.
Егер «Ливерпуль» Брэдли Барколяның трансфері бойынша «ПСЖ»-мен келісімге келсе, клуб шабуыл шебіндегі ойыншылардың бірімен қош айтысуы мүмкін. Кетуі ықтимал басты үміткерлер ретінде нидерландтық шабуылшы Коди Гакпо мен Кьеза аталады.
Еске салайық, Федерико Кьеза «Ливерпуль» сапында 50 матч өткізіп, 5 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Ол 2024 жылы «Ювентустан» 12 миллион еуроға ауысқан.