Махачев Гэрри туралы: «Оны ешкім ұнатпайды»

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FOX

Фото: FOX

UFC-тің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев UFC 330 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында ирландиялық үміткер Иэн Мачадо Гэрриді жанкүйерлер ысқырып қарсы алғаннан кейін, оған қатысты пікір білдірді.

Филадельфиядағы баспасөз мәслихатында Гэрри микрофон алған сәттен-ақ көрермендердің жағымсыз реакциясына тап болды. Ал Махачевті жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды.

«Жоқ, оның ысқырған дауыстармен қарсы алынғанына таңғалмаймын. Мен мұны білемін. Иэн Гэрриді ешкім ұнатпайды, мен де ұнатпаймын. Адамдар оның қай елдің атынан шығатынын түсінбейді: Бразилия ма, әлде Ирландия ма? Мұны ешкім білмейді. Бірақ олар кімді қолдау керектігін жақсы біледі», – деді Махачев.

Баспасөз мәслихаты кезінде жекпе-жекшілер арасында тағы бір жағдай болды. Махачевтен Абдулманап Нурмагомедовтің мұрасын жалғастыру туралы сұрақ қойылған кезде, Гэрри әңгімеге араласып, жаттықтырушы ресейлік спортшының жетістіктерін мақтан тұтар еді деп мәлімдеді. Махачев қарсыласына қысқа ғана жауап берді: «Жанкүйерлеріңнен айырылып жатырсың. Үндеме».

Гэрридің өзі UFC чемпионы атағы үшін күресу мүмкіндігін көптен бері армандағанын және жанкүйерлердің жағымсыз реакциясы бұл сәтті бұза алмайтынын айтты. Ирландиялық спортшы 15 тамызда чемпиондық белбеу өзіне тиесілі болатынын уәде етті.

Бұл жекпе-жек Махачевтің (28-1) жартылай орта салмақта чемпиондық титулды жеңіп алғаннан кейінгі алғашқы белбеу қорғауы болады. Ресейлік спортшы UFC-дегі қатарынан жеңістер саны бойынша рекорд та орнатуы мүмкін: Гэрриді жеңсе, бұл оның 17-ші қатарынан жеңісі болып, Андерсон Силваның жетістігін жаңартады.

Еске салайық, Махачев пен Гэрри 16 тамызда Филадельфиядағы Xfinity Mobile Arena аренасында өтетін UFC 330 турнирін басты жекпе-жек ретінде өткізеді. Гэрри UFC-дегі алғашқы чемпиондық айқасына 17 жеңіс және 1 жеңіліс көрсеткішімен шығады.