Махачев пен Гэрри UFC 330 алдында соңғы көз арбасуын өткізді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: UFC

Фото: UFC

UFC-тің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев пен ирландиялық үміткер Иэн Мачадо Гэрри АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін UFC 330 турниріндегі чемпиондық жекпе-жек алдында соңғы рет көз арбасып, салмақ өлшеу рәсіміне қатысты.

Махачев (28-1) жартылай орта салмақтағы UFC чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғайды. Ресейлік спортшы титулды 2025 жылдың қарашасында Джек Делла Маддаленаны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, иеленген.

Қазіргі таңда Махачев UFC-де қатарынан 16 жеңіс тіркеді. Бұл көрсеткіш Андерсон Силваның рекордын қайталайды. Егер Гэрриден басым түссе, Махачев бұл тізімде жалғыз көш бастайды.

Гэрри мансабында алғаш рет UFC чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізу мүмкіндігіне ие болды. Ирландиялық спортшының кәсіби рекорды — 17 жеңіс және 1 жеңіліс. Оның жалғыз жеңілісін 2024 жылдың желтоқсанында қазақстандық Шавкат Рахмонов келтірген.

UFC 330 турнирі 15 тамызда Филадельфиядағы Xfinity Mobile Arena аренасында өтеді. Махачев пен Гэрридің жекпе-жегі кештің басты оқиғасы болады.

Кештің ко-мейн-ивентінде ең жеңіл салмақтағы чемпион Маккензи Дерн чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғап, Джиллиан Робертсонға қарсы октагонға шығады.