Маркиньос Бразилияның Жапонияға қарсы матч алдындағы мүмкіндігін бағалады

Фото: Rafael Ribeiro / CBF
Бразилия құрамасының капитаны Маркиньос 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Жапония құрамасына қарсы матчқа қатысты өз пікірін білдірді.
Қорғаушының айтуынша, плей-офф кезеңі басталған сәттен бастап турнир іс жүзінде қайта басталады.
«Енді жаңа турнир басталады. Топтық кезең бір бөлек, ең бастысы плей-оффқа шығу еді. Енді бәрі қайтадан басталады. Бізге қадам-қадаммен алға жылжу керек. Бұрынғы әлем чемпионаттарындағы тәжірибемізге сүйене отырып, әрбір сәтте шоғырланудың және ойынның әрбір ұсақ-түйегіне мән берудің қаншалықты маңызды екенін білеміз.
Біз бұл кезеңге лайықты түрде жеткен, өте мықты команда саналатын Жапонияны тоқтатуымыз керек. Сонымен қатар өз мүмкіндіктерімізге сенеміз. Біз ойыннан ойынға жақсарып келеміз. Мүмкін, турнирді жақсы бастамаған шығармыз, бірақ екінші матчта жақсырақ ойнадық, ал үшінші ойында одан әрі күшейдік», – деді қорғаушы.
Еске салайық, Бразилия құрамасы жеті ұпай жинап, C тобында бірінші орын алып, плей-офф кезеңіне өтті.
1/16 финалдағы Жапонияға қарсы матч 29 маусым күні Хьюстон қаласында өтеді және Қазақстан уақыты бойынша сағат 22:00-де басталады.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтіп жатыр және 19 шілдеде аяқталады.