«Мына клоунды беріңдер»: Данияр Елеусінов өзбекстандық боксшыны жекпе-жекке шақырды

Фото: Instagram yeleussinovdaniyar
Қазақстандық боксшы, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов өзбекстандық Шохжахон Эргашевпен IBA Nomad лигасы аясында жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді.
Промоушеннің баспасөз қызметіне берген сұхбатында Елеусінов ұйымдастырушыларға Эргашевпен жекпе-жек өткізуді ұсынды. Қазақстандық боксшы басқа келісімшарттық міндеттемелеріне қарамастан, лайықты қаржы ұсынылса, рингке шығуға дайын екенін жеткізді.
«Маған дәл осы клоунды беріңдер, егер ол жақтан болса. Басқа келісімшарттар маған бәрібір, жекпе-жекке шығамын. Тек тиісті ақшаны төлеңдер», – деді Елеусінов.
Бұл жекпе-жектің талқылануына Эргашевтің желтоқсан айының басында рингке оралатыны туралы мәлімдемесі себеп болды. Өзбекстандық боксшы Алматыда өтетін IBA Nomad турнирінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға дайын екенін айтқан.
Айта кетейік, Эргашевпен кездесуге ниет білдірген қазақстандық боксшылардың қатарында Төрехан Сабырхан да бар. Ол бұған дейін өзбекстандық спортшының мәлімдемесіне жауап берген еді.
«Шоу керек пе? Мен дайынмын», – деді Сабырхан.
Еске салайық, Шохжахон Эргашев соңғы жекпе-жегін 17 қазанда Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінде өткізді. Оның қарсыласы қазақстандық Дастан Бекен болды. ММА қолғаптарымен өткен бокс кешінде Эргашев төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.