Нидерланд құрамасының жартылай қорғаушысы «Кристал Пэласқа» ауысты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: goal.com

Фото: goal.com

Нидерланд құрамасының жартылай қорғаушысы Квинтен Тимбер «Марсельден» «Кристал Пэласқа» ауысты.

Тимбер жаңа клубымен 2031 жылдың жазына дейін келісімшарт жасасты. Жартылай қорғаушы қаңтар айында «Фейеноордтан» «Марсельге» ауысқан еді. Франциялық клуб сапында ол барлық турнирлерде 17 матч өткізіп, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.

Францияға ауысқанға дейін Тимбер «Фейеноорд», «Утрехт» және «Аякс» командаларында өнер көрсетті. Роттердамдық клубпен бірге ол Нидерланд чемпионатын, Кубогын және Суперкубогын жеңіп алды.

Тимбер Нидерланд құрамасы сапында да 13 матч өткізді және ұлттық құраманың 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысқан. Оның егіз ағасы Юрриен Тимбер Лондонның «Арсенал» клубында ойнайды.