Олимпиада жүлдегері Александра Ле әлем чемпионатында үздік жетілікке енді

Александра Ле. Фото: Нургали Жумагазы
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле Катар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында жетінші орын алды. Қазақстандық спортшы финалға шыққанымен, жүлдеге және 2028 жылғы Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады.
9 қарашада 22 жастағы Александра Ле 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі винтовкамен үш қалыпта ату сайысында өнер көрсетті.
Іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшы 590 ұпай жинап, алтыншы нәтижемен үздік сегіздікке енді.
Алайда финалда Ле 303,7 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады. Ол қатысушыларды жарыстан шығару кезеңінің алғашқы сериясынан кейін медаль үшін күресті тоқтатты.
Әлем чемпионы атағын 358,4 ұпай жинаған сербиялық Александра Стоядинович жеңіп алды. Оңтүстік Корея өкілі О Се Хи 357,7 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Ал жапониялық Мисаки Нобата 348,2 ұпай жинап, қола медаль иеленді.
Үш жүлдегер де өз елдеріне 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын алып берді. Ал Александра Ле бұл бағдарламада олимпиадалық лицензияға қол жеткізе алмады.
Еске салайық, Александра Ле 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Ислам Сәтпаевпен бірге 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден аралас командалар сайысында қола медаль жеңіп алған болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының Дохадағы әлем чемпионатында бір медалі бар. Бұған дейін Ирина Юнусметова 50 метрден тапаншамен ату сайысында қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар Әсем Орынбай стенд атудың скит бағдарламасында бесінші орын алып, Қазақстанға 2028 жылғы Олимпиада жолдамасын жеңіп берді.