Қазақстандық садақшылар Азия кубогында тағы бір алтын және күміс медаль жеңіп алды

ҚР ҰОК
Қазақстан құрамасы Ирактың Сүлеймания қаласында өтіп жатқан садақ атудан Азия кубогының екінші кезеңінде тағы екі медаль иеленді. Отандастарымыз блочный садақ атудан командалық жарыста алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді.
Аралас командалар арасындағы жарыстың финалында Павел Кузнецов пен Эльмира Раисова Бангладеш құрамасынан басым түсті. Қазақстандық дуэт қарсыластарын 153:142 есебімен жеңіп, алтын медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы командалық бәсекеде Эльмира Раисова, Милана Бурлева және Аяжан Жақсылық күміс жүлдеге ие болды. Финалда қазақстандық садақшылар Бангладеш құрамасына 220:230 есебімен есе жіберді. Қарсылас команда алғашқы кезеңнен бастап басымдыққа ие болып, оны кездесудің соңына дейін сақтап қалды.
Бұған дейін ерлер арасындағы командалық жарыста Никита Ивлев, Павел Кузнецов және Ислам Серікұлы алтын медаль жеңіп алған еді. Шешуші кездесуде қазақстандықтар Бангладеш өкілдерін 230:224 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Азия кубогының екінші кезеңі 25–29 қазан аралығында өтуде. Жарысқа 19 елден 106 спортшы қатысып жатыр.