Пегула Кырстяны жеңіп, US Open-2026 турнирінің ширек финалына шықты

Фото: Jimmie48
Әлемнің үшінші ракеткасы Джессика Пегула румыниялық Сорану Кырстяны (WTA 17) жеңіп, US Open-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Кездесу 1 сағат 26 минутқа созылып, америкалық теннисшінің 6:3, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Пегула бес эйс жасап, бес рет қосарланған қателік жіберді және 16 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ал Кырстя бір эйс орындап, екі рет қосарланған қателікке жол берді және қарсыласының добын қабылдау кезіндегі 11 мүмкіндіктің төртеуін іске асырды.
Айта кетейік, америкалық теннисші соңғы бес жылда төртінші рет US Open турнирінің ширек финалына шығып отыр. Сондай-ақ Пегула үш апта ішінде Кырстяны екінші рет жеңді. Тамыз айында ол румыниялық теннисшіні Цинциннатиде өткен турнирде ұтқан болатын.
Келесі кезеңде Пегула отандасы Эмма Наварромен (WTA 27) кездеседі. Наварро төртінші айналымда ресейлік Анна Калинскаяны жеңді.