Почеттино АҚШ-тың әлем чемпионатындағы жеңілісіне пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
ФИФА

ФИФА

АҚШ құрамасының бас бапкері Маурисио Почеттино 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Бельгиядан 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін өз ойын айтты.

Аргентиналық маман Бельгия құрамасын әлем чемпионатының ширек финалына шығуымен құттықтады.

«Ойынның басынан-ақ бізге өте қиын болды. Бельгияны құттықтаймын – олар бізден мықты болды. Бұл біздің күніміз болған жоқ. Бұл – ақталу емес. Біз әдетте көрсететін футболымызды көрсете алмадық, бұл – шындық. Енді осы матчтан сабақ алып, оны жан-жақты талдауымыз керек. Неліктен бұл ойынға әлем чемпионатындағы басқа кездесулердегідей дайындала алмағанымызды түсінуіміз қажет. Бұл біздің күніміз болған жоқ. Біз өз деңгейімізде ойнай алмадық», – деді Почеттино ФИФА-ға берген сұхбатында.

Ширек финалда Бельгия құрамасы 1/8 финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңген Испаниямен кездеседі.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.