Қазақстан әйелдер құрамасы семсерлесуден жартылай финалға шықты

Фото: Никита Басов
Қазақстанның семсерлесуден семсер (шпага) сайысындағы әйелдер құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жүлдеге кепілдік берді. Қазақстандықтар ширек финалда Гонконг құрамасын жеңді.
Қазақстандық семсерлесушілер қарсыласын 45:35 есебімен ұтып, командалық турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Құрама сапында Ирина Бакалдина, София Николайчук және Владислава Андреева өнер көрсетсе, Дарья Самоделкина қосалқы спортшы ретінде тіркелген.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Қытаймен кездеседі. Бұл жекпе-жекте жеңіске жеткен команда финалға шығады. Ал Қазақстан құрамасы үздік төрттікке енгендіктен, кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.
Айта кетейік, бұл құрам құрлық деңгейінде бұған дейін де жүлдеге таласқан. 2026 жылғы Дели қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандықтар командалық семсер сайысында жартылай финалға дейін жетті. Ширек финалда Жапонияны 45:42 есебімен жеңіп, кейін Оңтүстік Кореядан 29:45 есебімен жеңілді. Ал қола жүлде үшін өткен кездесуде Сингапур құрамасынан 42:39 есебімен басым түсті.
Команданың көшбасшысы — Ирина Бакалдина. Ол аталған Азия чемпионатында жекелей сында жеңімпаз атанған. Ал қазіргі Азиадада Бакалдина мен Андреева жекелей сында да үздік сегіз спортшының қатарына кірді.
Еске салайық, Азиада-2026 Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтуде. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.