Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші күнінде 16 медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде қорын толықтыруды жалғастырып жатыр. Жарыстың үшінші күнінде ұлттық құрама 16 медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшылар аударыспақтан бірден екі алтын медаль иеленді. 90 келіге дейінгі салмақта Дәрын Өткелбай топ жарса, 100 келіге дейінгі салмақта Сырым Избасаров жеңімпаз атанды.
Самбодан да Қазақстан қоржынына алтын түсті. 98 келіден жоғары салмақта Болат Сапар қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Құсбегіліктен Арман Қошқаров сұңқармен жарыста үздік шығып, алтын медаль жеңіп алды.
Күннің бесінші алтынын Қазақстан құрамасы арқан тартудан иеленді. «4х4» форматындағы командалық жарыста қазақстандықтар қарсыластарынан басым түсіп, ойын чемпионы атанды.
Аударыспақтан тағы бір медальді Расул Құрайыш жеңіп алды. 80 келіге дейінгі салмақта ол жарыстың шешуші кезеңіне дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Құсбегіліктен Қазақстан тағы екі медаль еншіледі. Ителгі салудан Бағдәулет Бабажан күміс медаль иеленсе, сұңқармен жарыста алтын алған Арман Қошқаров бүркітпен жарыста да жүлдеге ілігіп, күміс медаль жеңіп алды.
Аударыспақтан Нұржан Еркінұлы 110 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.
Самбодан тағы екі қола медаль жеңіп алынды. Еркебұлан Нығметов 79 келіге дейінгі салмақта үшінші орын алса, Жандос Бейсенбаев 64 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.
Мас-рестлингтен Нұрсұлтан Есімбай тағы да жүлдеге ілікті. 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жарысты қола медальмен аяқтады.
Алыштан Қазақстан қоржынына бірден үш қола медаль түсті. Қалмұхан Тұрмаханбет өз салмағында үздік үштікке енсе, Жандос Әбубәкіров 60 келіге дейінгі салмақта, Нұрсұлтан Қожагелді 100 келіден жоғары салмақта үшінші орын алды.
Құсбегіліктен Кенжетаев та жүлдеге ие болды. Ол ителгі салу бәсекесінде қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, жарыстың үшінші күнінде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 16 жүлдеге қол жеткізді.