Қазақстан Филиппинмен Pokémon UNITE турниріндегі алғашқы матчты өткізбеді

Фото: QCF
Қазақстан мен Филиппин құрамалары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы Pokémon UNITE турнирінің алғашқы матчына шықпады. Хаттама бойынша екі командаға да DNS (Did Not Start — жарысты бастамады) мәртебесі берілді.
Бұл белгі ойын арасындағы кездесу басталмағанын білдіреді. Алайда материал жарияланған сәтте ұйымдастырушылар Қазақстан мен Филиппиннің не себепті матч өткізе алмағанын хабарлаған жоқ.
Қазақстан құрамасы A тобына Филиппин, Қытайлық Тайбэй және Малайзия командаларымен бірге түсті. Ұлттық құрама сапында Сардар Ерекенев (Slardar), Рафа Бердалы (nurrafa), Игорь Алешко (lilZaba), Азамат Қадыр (Mady), Тамерлан Аманжанов (kaiso) және Дмитрий Нарожнев (Banni9) өнер көрсетеді.
Pokémon UNITE 2026 жылғы Азия ойындарының ресми медальдық бағдарламасына енді. Бұл дисциплинада барлығы 11 ұлттық құрама қатысады. Ойындардағы киберспорт бағдарламасы 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтіп, 11 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.