Басты бет
·
АО-2026

Қазақстан құрамасы Азия ойындарында Өзбекстанды ірі есеппен жеңді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Никита Басов

Фото: Никита Басов

Қазақстанның регби-7 спортынан ерлер құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарында Айти мен Нагояда 9-12 орындар үшін таласып жатыр.

Топтық кезеңнің соңғы матчында қазақстандықтар Оңтүстік Кореядан 5:33 есебімен жеңілді. Үш кездесуде бір жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы В тобында үшінші орын алып, ширек финалға шыға алмады. Азия ойындарындағы алғашқы матчта Қазақстан Жапониядан 0:38 есебімен жеңіліп, кейін Таиландты 12:5 есебімен жеңген.

Топтық кезең аяқталған соң қазақстандықтар 9-12 орындар үшін таласатын кезеңге өтті. Алғашқы матчта ұлттық құрама Өзбекстанды 35:7 есебімен ойсырата жеңді. Енді Қазақстан құрамасы Сингапур және Таиландпен кездеседі. Осы ойындардың қорытындысы бойынша команданың турнирдегі нақты орны анықталады.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстан құрамасы Азия ойындарында Өзбекстанды ірі есеппен жеңді – sport-hub