Қазақстан құрамасы су добынан U16 әлем чемпионатының ширек финалына шыға алмады

Фото: waterpolo.kz
Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы су добы құрамасы Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан U16 әлем чемпионатының топтық кезеңін Түркия командасынан жеңіліспен аяқтап, турнирдің ширек финалына жолдама ала алмады.
Төртінші турдағы кездесу түркиялық ватерполшылардың 15:8 есебімен жеңісімен аяқталды. Топтық кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі жеңіске жетіп, екі рет жеңілді.
Енді қазақстандық команда әлем чемпионатында 9–16 орындар үшін өтетін кездесулерде өнер көрсетеді.
Әлем біріншілігіндегі алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Мысырға 9:14 есебімен есе жіберді. Кейін пенальти сериясында Сингапурды 16:15 есебімен жеңіп, Уругвайды 22:5 есебімен ірі есеппен ұтты.
Қазақстан құрамасы турнирдегі келесі матчын 7 тамызда Грузия командасына қарсы өткізеді.