Қазақстан құрамасы волейболдан AVC Ұлттар кубогында бесінші орын үшін ойнайды

Фото: AVC
AVC Ұлттар кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчта Қазақстанның ерлер құрамасы Жаңа Зеландия командасын жеңді.
Кездесу 3:1 (25:21, 25:19, 22:25, 33:31) есебімен Сергей Трикоз баптайтын команданың пайдасына аяқталды. Плей-офф кезеңіне Бахрейн мен Үндістан құрамалары жолдама алды.
Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы 8 ұпай жинап, А тобында үшінші орынға тұрақтады. Турнир регламентіне сәйкес, жартылай финалға әр топтан тек екі үздік команда ғана өтеді, сондықтан қазақстандық волейболшылар жарысты жұбаныш раундында жалғастырады.
Енді Қазақстан құрамасы турнирдің қорытынды бесінші орны үшін матч өткізеді. Кездесу 28 маусымда өтеді, қарсыласы B тобының үшінші орын алған командасы болады.
Еске салайық, AVC Ұлттар кубогы 20–28 маусым аралығында Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатыр.