Қазақстан су добынан әлем чемпионатын 23-орынмен аяқтады

Аружан Талғат··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

Загребте су добыдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы турнир барысында жеті матч өткізіп, жарыс қорытындысы бойынша 23-орынға тұрақтады.

Топтық кезеңде қазақстандықтар Сингапур мен Уругвай құрамаларын жеңіп, сәтті бастады. Алайда кейін Мысыр мен Түркияға жол берді. Бұл нәтижелер Қазақстанға плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік бермеді, сондықтан команда қалған кездесулерін тек қорытынды орындар үшін өткізді.

Келесі кезеңде қазақстандық ватерполшылар Грузия және Канада құрамаларымен кездесті. Екі ойын да тартысты өтті, бірақ Қазақстан пайдасына шешілмеді, сәйкесінше 7:10 және 7:9 есебімен аяқталды.

Әлем чемпионатын команда жеңіспен аяқтай алды. Соңғы матчта Қазақстан Перуді 5:3 есебімен жеңіп, қорытынды кестеде 23-орынға жайғасты.

Үйде өткен әлем чемпионатының алтын жүлдесін Хорватия құрамасы иеленді. Екінші орынды Испания алса, үздік үштікті Сербия түйіндеді.