Қазақстан U19 құрамасының бапкері Португалиямен болған тең ойынға баға берді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстанның U19 құрамасының бас бапкері Тимур Қасымов Португалиямен болған тең нәтижені Еуропа чемпионаты іріктеуіндегі тарихи жетістік деп атады.

Еуро-2027 іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Португалияға қарсы 1:1 есебімен тең түсті.

«Көңіл күй өте керемет. Менің ойымша, бұл нәтиже біздің жас буын үшін тарихи жетістік. Әлем чемпиондарынан ұпай алу екі есе қуантады. Қазір біз дұрыс даму жолында келе жатырмыз деп ойлаймын. Алда қалған екі ойынды және бүгінгі матчты мұқият талдап, кейбір тұстарды түзетіп, қажет болса толықтырып, әрі қарай жылжуымыз керек.

Бүгін қуанатын сәт туса, ертеңнен бастап қалған матчтарға мұқият дайындық басталады. Біз қай деңгейде екенімізді және қарсыластарымыздың деңгейін жақсы түсінеміз. Үш қарсыласымыз да өте мықты әрі өте салмақты командалар. Сондықтан әр матчқа егжей-тегжейлі дайындалуға тырысамыз. Біздің басты күшіміз – бірлік пен халқымыздың рухында. Бұл біздің қанымызда бар», – деді Қасымов.

Қазақстанның U19 құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеуіндегі келесі матчын 6 маусым күні Сербия құрамасына қарсы өткізеді.

Қазақстан U19 құрамасының бапкері Португалиямен болған тең ойынға баға берді – sport-hub