Қазақстан Венгрияны ойсырата жеңіп, көкпардан Көшпенділер ойындарының финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Байбөрі Құдайберген

Фото: Байбөрі Құдайберген

Қазақстан құрамасы Венгрияны 9:4 есебімен жеңіп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар турнирінің финалына жолдама алды.

Кездесу Чолпон-Ата қаласында топтық кезеңнің үшінші турында өтті. Қазақстандық көкпаршылар B тобында бірінші орын алып, финалда ойнау құқығына ие болды. Ал Қазақстанның финалдағы қарсыласы Қырғызстан құрамасы болады. Жарыс қожайындары Өзбекстанды (12:4) және Моңғолияны (12:1) жеңіп, финалға мерзімінен бұрын жолдама алды. Алтын медаль үшін кездесу 6 қыркүйекте өтеді.

Қазақстан турнирдегі алғашқы ойынын екінші турдан бастады, себебі команда жарыстың қазіргі жеңімпазы саналады. Алғашқы матчта Қазақстан Ресей құрамасын 14:1 есебімен ойсырата жеңді.

Айта кетейік, 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан финалда Қырғызстанмен кездескен еді. Негізгі уақыт 4:4 есебімен аяқталып, қосымша кезеңде қазақстандықтар шешуші «алтын салымды» салып, 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты Бішкек қаласында ұйымдастырылса, негізгі жарыстар Ыстықкөл облысының спорт нысандарында өтіп жатыр.

Қазақстан Венгрияны ойсырата жеңіп, көкпардан Көшпенділер ойындарының финалына шықты – sport-hub