Қазақстан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында алғаш рет жеңіске жетті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: IJF

Фото: IJF

Қазақстан дзюдо федерациясы құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының аралас командалық турнирінде алтын медаль жеңіп алды.

Финалда қазақстандық дзюдошылар Бразилия құрамасымен кездесті. Негізгі белдесулер 3:3 есебімен аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін қосымша белдесу өткізілді. Онда Ғабит Расулхан Қазақстан құрамасына шешуші ұпай әкеліп, команда 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Финалдық кездесуде Қазақстан сапында Инжу Жұмажан, Еркен Бекәлі, Тоғжан Төлебай, Әділжан Жаудинов және Иянат Жұбатхан да өнер көрсетті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы Болгарияны 4:1, Жапонияны 4:2 есебімен жеңіп, жартылай финалда Өзбекстаннан да 4:2 есебімен басым түскен еді. Күміс жүлде Бразилияға бұйырса, қола медальдарды Моңғолия мен Өзбекстан иеленді.

Бұл Қазақстанның кадеттер арасындағы аралас командалық турнирдегі әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі болды.

Сонымен қатар қазақстандық дзюдошылар чемпионаттың жеке бағдарламасында ел тарихындағы рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, барлығы 10 медаль жеңіп алды: үш алтын, үш күміс және төрт қола.

Әлем чемпиондары атанған қазақстандықтар:

Ғабит Расулхан — 60 келіге дейін;

Фатима Сұпығалиева — 52 келіге дейін;

Әділжан Жаудинов — 90 келіден жоғары.

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында алғаш рет жеңіске жетті – sport-hub