Қазақстан жастар арасындағы Азия чемпионатының алғашқы күнінде медальсыз қалды

Фото: olympic.kz
Қытайдың Ордос қаласында жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда.
Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалды. Дегенмен, команда өкілдерінің бірі финалға жолдама алды.
100 метрге жүгіру финалында Екатерина Пузырева 12,24 секунд нәтиже көрсетіп, жетінші орынға ие болды.
3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру дисциплинасында Ақбілек Құралбай да финалда өнер көрсетіп, 11:11,60 нәтижесімен алтыншы орынды иеленді.
800 метрге жүгірудің іріктеу кезеңінде Аяна Болатбекқызы 2:09,43 нәтижемен үшінші көрсеткішке қол жеткізіп, финалға шықты. Осы дисциплинада Виктория Сукачева 2:12,10 нәтижемен оныншы болып мәреге жетіп, жарысты аяқтады.
Ерлер арасында 800 метр қашықтықта Александр Жигарь 2:00,02 нәтижемен тоғызыншы орын алып, іріктеу кезеңінен аса алмады.
Ордос қаласындағы жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты 12 шілдеге дейін жалғасады. Қазақстандық спортшылар келесі жарыс күндерінде жүлделер үшін күресті жалғастырады.