Қазақстандық дзюдошылар Азия ойындарында екі күміске кепілдік берді

Әділет Алмат. Фото: Нургали Жумагазы
Әділет Алмат пен Ажар Асхат Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында дзюдодан финалға шығып, Қазақстан қоржынына кемінде екі күміс медальді қамтамасыз етті.
81 келіге дейінгі салмақтағы ерлер арасындағы жартылай финалда Әділет Алмат тәжікстандық Абубакр Шеровты жеңді. Қазақстандық спортшы «ваза-ари» ұпайын алып, белдесу соңына дейін басымдығын сақтап қалды. Азияның қазіргі чемпионы финалда жапониялық Сотаро Фудзиварамен кездеседі.
70 келіге дейінгі әйелдер арасында Ажар Асхат жартылай финалда Моңғолия өкілі Анужин Уран-Улзийден басым түсіп, финалға жолдама алды. Қазақстандық дзюдошының шешуші белдесудегі қарсыласы — жапониялық Рин Маэда.
Ал 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова жартылай финалда жапониялық Наруми Таниокеден жеңілді. Қосымша уақытта қазақстандық спортшы үшінші ескертуін алып, белдесуден шеттетілді. Енді ол қола медаль үшін Өзбекстан өкілі Мариона Нуруллоевамен күреседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.