Қазақстандық Генелева Азия ойындарында маунтинбайктан үздік ондыққа енді

ҚР ҰОК
Қазақстан құрамасының өкілі Татьяна Генелева Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында маунтинбайктан үздік ондыққа кірді.
Генелева әйелдер арасындағы кросс-кантри жарысына қатысып, мәреге сегізінші болып жетті. Қазақстанның тағы бір спортшысы Юлия Ли 14-орын алды.
Азия ойындарының алдында Генелева Қытайдың Гуйян қаласында өткен Азия сериясының кезеңінде күміс медаль жеңіп алған еді. 7 қыркүйекте қазақстандық спортшы XCC (қысқа кросс-кантри) дисциплинасында 25 минут 6 секунд нәтижесімен екінші орынға ие болды.
Ал Юлия Ли маусым айында Ташкентте өткен Азия чемпионатында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында XCO және XCC дисциплиналарынан екі қола медаль жеңіп алған.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.