Төрехан Сабырхан мен Алуа Балқыбекова рингке көтеріледі: жекпе-жек көрсетілімі

ҚР ҰОК
Қазақстандық боксшылар Төрехан Сабырхан мен Алуа Балқыбекова Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында алғашқы жекпе-жектерін өткізеді.
Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда бақ сынайды. Оның қарсыласы – Катар өкілі Мохаммад Дбичи. Жекпе-жек 24 қыркүйекке жоспарланған және Астана уақытымен шамамен 09:45-те басталады.
Сол күні әйелдер арасындағы бокс додасында Алуа Балқыбекова да жарысты бастайды. 51 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда 2025 жылғы әлем чемпионы Үндістан өкілі Сакши Чаудхаримен кездеседі. Жекпе-жек шамамен 13:45-те басталады.
Жанкүйерлер боксшылардың жекпе-жектерін Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінен көре алады. Сондай-ақ кездесулердің маңызды сәттерін Sport-hub.kz Telegram арнасындағы live форматында бақылауға болады.
Айта кетейік, турнирде Қазақстан құрамасынан алғаш болып Сабыржан Аққалықов өнер көрсетті. Ол 80 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сёнгтен төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіліп қалды.