Қазақстандық гимнаст қыздар Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс медаль иеленді.
Қазақстандық спортшылар бес доппен орындалатын топтық жаттығу финалында екінші орын алды. Өнер көрсету қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 26,30 балл жинады.
Бұл бағдарламада Қытай құрамасы 27,95 баллмен алтын медаль жеңіп алды. Ал 25,35 балл еншілеген Оңтүстік Корея құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Топтық жаттығу финалында жалпы саны он елдің құрамасы бақ сынады.
Алдыңғы Азия чемпионатында қазақстандық гимнаст қыздар үш шеңбер және екі жұп шоқпармен орындалатын жаттығуда алтын медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ бес лентамен орындалатын бағдарламада күміс жүлдегер атанған еді.
Қырғызстандағы турнир күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі болып саналады.